Республика жаңалықтары

31 Шілде 2020 12:13
Цифрлы диплoмaтия: кеше және бүгін

Цифрлы дипломатия деген не?

1880 жылдары алғашқы телеграф хабарламасын алғаннан кейін, Ұлыбританияның сол кездегі Сыртқы істер министрі лорд Палмерстон: "Бұл – дипломатияның соңы" деп бағалаған екен. Содан бері дәстүрлі дипломатия трансформацияланып, бүгінде цифрлық дипломатияның өзектілігі артып келеді. Американдық университеттің (АҚШ) коммуникация мектебінің профессоры П.Дошидің айтуы бойынша, цифрлық дипломатия — бұл үкіметтер әлеуметтік желілер арқылы шетелдік қоғамдастықпен өзара тікелей байланысатын жаңа сала. Оны байланысқа шығаратын құралдарға кез-келген қолжетімді интернет ресурстарды, веб-платформа мен блогтарды жатқызуға болады. Соңғы 10 жылда миллиондаған адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желілердің өсуі мобильді платформалар, мессенджерлердің құрылуы және жаңа технологиялардың дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде әлеуметтік желілер, блогтар мен подкасттар қолданушылардың өз бетімен ақпарат дайындауына мүмкіндік беретін "жаңа медиа". Сондай-ақ, авторлардың өз аудиториясымен онлайн-режимде диалог жүргізуіне, бейресми форматта сөйлесуіне, жедел және қашықтықтан хабарласуына жағдай жасайды. 

Ал, әлеуметтік медианы қолданушылардың саны жыл санап артып келе жатқаны белгілі. Facebook, Twitter, Qzone, Snapchat және басқа да әлеуметтік желі түрлерін күн сайын 2 миллиардтан астам адам қолданғандықтан, ақпарат алмасу жыл бойы тәулігіне 24 сағат жүреді, миллиардтаған адамдардың күнделікті өмірін де өзгертті. Әлеуметтік медиа ғаламтордағы жаңа саяси кеңістіктер арқылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға үлкен мүмкіндіктер мен проблемалар ұсынады.

Соңғы онжылдықтарда цифрлық дипломатияның алға шығуына үлкен әсер еткен алаңның бірі - «Twitter» әлеуметтік желісі. Осы себепті "цифрлық дипломатия" және "twitter дипломатиясы" (немесе "твипломатия") терминдері де қатар қолданылып жүрді. «Twitter» микроблог қызметі деп аталады, өйткені әр жарияланымның (твиттің) көлемі 280 таңбамен шектелген. Осындай қысқаша формада әлемдік саясаткерлер мен бизнесмендер маңызды мәлімдемелерін жариялап отырады. Сондықтан қазір қолданушылар дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда бірден әлеуметтік желілерді жіті қадағалап отырады. Әлеуметтік желілерде дипломатиялық өкілдіктердің ресми парақшаларында консулдық мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау кестесі, мемлекеттік мерекелер, екі ел арасындағы келісімшарттар туралы сол елдегі туристер, студенттер мен қызметкерлерге пайдалы ақпарат жарияланады. Қазір дипломаттар мен саясаткерлер Twitter желісімен ғана шектелмей, Facebook, Instagram және басқа платформаның мүмкіндіктерін белсенді қолданады. Қызықты мысал ретінде Финляндияның сыртқы саяси ведомствосы сайтының ерекше бөлімін келтіруге болады. Онда блогтарды әлемнің әртүрлі елдеріндегі өз елшілері жүргізіп отырады. 

 

COVID-19 жағдайындағы дипломатия

Әлеуметтік медианың мән-маңызы COVID-19 жағдайында ішкі және сыртқы саясат үшін бірнеше есе артып кетті. Цифрлық дипломатияның дамуы дәстүрлі дипломатия дәуірінің аяқталғанын білдірмейді, керісінше бұл халықаралық байланыстың жаңа қырларын ашады. Коронавирус пандемиясының таралуына байланысты, 17 ғасырдан бері дипломаттар үстел басында бетпе-бет емес, алғаш рет қашықтықтан монитор алдында келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта цифрлық байланыс қоғамдық дипломатияның құралы ретінде қабылданады және келіссөздер жүргізу үшін әртүрлі цифрлық платформалар мен байланыс құралдарын қолданады. COVID-19 пандемиясына дейін цифрлық медиа негізінен әлеуметтік медиа ретінде қабылданып келді. Алайда, COVID-19 кезеңінде веб-сайттар, блогтар және әртүрлі әлеуметтік медиа-платформалар әлем мемлекеттерін өз сыртқы саясатын осы құралдар арқылы жүргізуге мәжбүр етті. Дегенмен, цифрлық дипломатия жүргізу тәжірибесі қалыптаспағандықтан, батыста көптеген орталықтар мен университеттер цифрлық дипломатия курстарын енгізе бастады.

COVID-19 пандемиясы барлық дипломатиялық күнтізбеге түзетулер енгізді. Көпжақты келіссөздер жаңа цифрлық форматта өткізіліп жатыр. Биыл G-20 Саммиті виртуалды форматта өтті. Бір жарым сағаттық видеоконференцияда «жиырмалықтың» көшбасшылары өз жұмыс кабинеттері немесе үйлерінен байланысқа шығып, пандемияның экономикаға мен әлеуметтік жағдайға әсері, оның салдарын талқылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы да алғашқы рет осындай формада өтуі ықтимал. Мұндай кездесулер әрине бейресми кездесулер мен күрделі мәселені бетпе-бет кездесіп талқылауға жетпеуі мүмкін. Жедел іс-қимыл жүргізу және көптеген ұйымдастыру мен орналасу шығындары, уақыт жағынан әлдеқайда тиімді болар еді. Оның үстіне мемлекет басшыларының телефон арқылы байланысу тәжірибесі халықаралық саясатта әлдеқашан орнаған. Дегенмен, мұндай конференция уақытында болуы мүмкін техникалық ақаулар келіссөздерге кері ықпалын тигізіп жатады.


вв.png

Биылғы G20 саммиті. Жапония Премьер-министрі С.Абенің кабинетінен көрініс 

 

Бүгінгі цифрлық дипломатияның бірнеше қиыншылықтарын да айтуға болады:

1) Цифрлық технология мемлекеттер арасындағы байланысты нашарлатып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі ықтимал. Әсіресе биылғы жылы АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда текетіресі, технологиялық, саяси және идеологиялық деңгейге дейін ушықты. Екі елдің СІМ мен ресми өкілдері, әлеуметтік желі қолданушылары COVID-19 таралуына бір-бірін айыптап, ақпараттық айқас толастамай тұр. АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялар да цифрлық текетіреске жалғасты. Египет, Тунис және Йемен сияқты елдерде әлеуметтік медиа "Араб көктемінің" бұрқ ете қалуына қалай ықпал еткенін білеміз. Әлемнің басқа елдері сондықтан әлеуметтік желідегі қауіпсіздікке көңіл бөліп, осы сала мамандарын даярлау мен жұмысқа қабылдауға көңіл бөлуде. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік департаментінде бүгінде 150 штаттық әлеуметтік желі қызметкері жұмыс істейтін электронды дипломатия кеңсесі бар.

2) Цифрлық дипломатияда құпия ақпараттың көпшілікке таралып кетуі, киберқауіпсіздік және анонимді қолданушылардың «шабуылы» сияқты проблемалар ла бар. Мәселен, 2010 жылы 28 қарашада «WikiLeaks» ұйымы бүкіл әлемдегі американдық миссиялар мен Вашингтондағы Мемлекеттік департамент арасында жіберілген 250 000-ға жуық дипломатиялық жеделхаттарды жариялай бастағанда әлемдік СІМ арасында дүрбелең туды. Жетекші державалар да шет елдік хакерлердің мемлекеттік мекеме сайттары мен мәліметтеріне шабуыл жасағаны туралы айыптауларына куәміз.

3) Дипломатиялық қызмет саласында цифрлық технологияларды пайдалану "жұмсақ күш" саясатын жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Кез-келген елдегі өмірдің туристерге тартымды жерлері, мәдениеті, тарихы, дәстүрі мен құндылықтары туралы айтуға ыңғайлы құрал ретінде әлеуметтік желілер сыртқы саяси ведомстволардың баспасөз қызметтерінің таптырмас көмекшісі болып табылады. Цифрлық дипломатия қоғамдық дипломатияның элементі ретінде әлемдік державалардың "жұмсақ күшінің" маңызды құрамдас бөлігі деуге болады.

вв.png

2020 жылғы 19 мамырдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференциясы

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев мемлекетке қатысты маңызды шешімдері мен ойларын, тапсырмаларын ресми құжаттан бөлек, твиттерде еркін формада жариялайтыны белгілі. Бұл ақпаратты халыққа қолжетімді қылу және жедел іс-қимыл жүргізуге септігін тигізеді. Мемлекет басшысы барлық атқарушы орган басшылары мен облыс әкімдеріне де әлеуметтік желіде халықпен кері байланыс орнату керектігін айтқан еді. Дипломатия әлеміндегі цифрлық медиамен қатар технологиялардың рөлі өте маңызды. Пандемия жағдайында халықаралық маңызды іс-шаралар да бейнеконференция форматында өткізілуде. Мәселен, 2020 жылы 19 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес «бестігінің» жиналысы виртуалды түрде өтті.

Дипломатиялық ведомстволар мен халық арасындағы кері байланыс және қоғамдық пікір қалыптастыратын әлеуметтік медиа дипломатиялық қызметтердің ресми парақшаларына талапты күшейтеді. Бірақ халықаралық қатынастар шиеленіскен уақытта сыртқы саяси ведомстволардың ресми аккаунттарының өзара жүргізетін пікірталастар, журналистер мен өзге де саясаткерлердің пікірлері, бөлісулерін жиі кездестіреміз және ол тіркелген миллиондаған адамның көзқарасына әсер етеді. Сондықтан әр салаға жауапты ведомстволардың, соның ішінде Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің дер кезінде расталған ақпаратты жариялап отыруы маңызды болмақ.

оо.png

2020 жылы 16 шілдеде «Қытай – Орталық Азия» саяси диалогы бейнеконференция түрінде өтті 

 

Жақында виртуалды түрде өткен тағы бір халықаралық шара – «Орталық Азия – Қытай» саяси диалогы. Іс-шара барысында министрлер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай қарым-қатынасының әр саласын, пандемиямен күрес, өзара гуманитарлық көмек, жүк тасымалы мен тауарлардың транзитін талқылады. Осы кездесуде де Орталық Азия мен Қытайдың СІМ басшылары цифрландыру, электрондық коммерция, ақылды қалалар және басқа да «ноу-хау» бойынша кооперация мүмкіндіктерін талқылады. Мұндай дәстүрдегі кездесулер алдағы уақытта үйреншікті құбылысқа да айналуы мүмкін деп санаймыз.

 

Қорытынды

COVID-19 қоғамдық өмірдің барлық аспектілерін өзгертіп жатыр және дипломатия саласы да одан тысқары қалған жоқ. Бүгінгі таңда цифрлық дипломатия стандартты тәжірибеге айналды. Ол дәстүрлі дипломатияның толығымен алмастырып жібермесе де, толықтырып және мүмкіншіліктер беріп отыр. Пандемия жағдайында біз офлайн мен онлайн платформалардың, қоғамдастықтардың интеграциясын да байқаймыз. Цифрлық дипломатия өз икемділігімен және дәстүрлі дипломатияның шектеулерінен шығуымен ерекшеленеді. Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы мен дипломаттары қазіргі жағдайда цифрлық дипломатияның артықшылықтарын тиімді пайдалануы керек. Бүгінде бұл халықаралық қатынастарда жаңа нормаға айналды және Қазақстан бұл өзгерістерге тез бейімделуге мәжбүр болады. Коронавирусқа байланысты көптеген проблемаларды ескере отырып, жоғары деңгейдегі дипломатиялық келіссөздер негізінен виртуалды құралдармен жүзеге асырылады. Алайда, оның ұзақмерзімді перспективадағы нормаға айналатындығын уақыт пен тәжірибе көрсететіні рас.